Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Мысыр Араб Республикасына жасаған ресми сапары кезінде әйгілі әл-Азһар университетінің шейхы, Бас имам Ахмет Тайыппен кездесті.
Кездесуде екі елдің сан ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан рухани-тарихи байланысын нығайтудың маңыздылығы сөз болды.
Басқосуда Наурызбай қажы Тағанұлы: «Өзіңіз білесіз, Қазақстан мен Мысыр арасында рухани, тарихи, мәдени байланыстар ғасырдан ғасырға жалғасып келеді. Бауырластық байланыстың нәтижесінде Қазақстанда Нұр-Мүбәрак Египет Ислам мәдениеті университеті салынды. Сіздің қолдауыңызбен Қазақстанға барған мысырлық ұстаздар студенттерімізге дәріс беріп, оқу-ағарту саласындағы жұмыстарымызға үлкен үлес қосуда. Сізге Қазақстан мұсылмандары атынан тағы да айрықша алғысымды жеткіземін. Алла разы болсын!» – деді.
Өз кезегінде Ахмет Тайып әл-Азһар университеті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қолдау көрсете беретінін жеткізді.
Кездесу соңында Бас мүфти әл-Азһар шейхын «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 30 жыл» мерекелік медалымен марапаттап, арнайы алғыс хатын табыстады.