Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Өскемен аймағына жасаған сапары барысында Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің «Зере ана» орталығы жұмысымен танысты.
ҚМДБ Әйел-қыздар секторының Өскемен аймағындағы өкілдігінің бастамасымен жабдықталған бұл орталықта ана мен баланың пайдалы іспен айналысуына, білім жетілдіруіне, түрлі қолөнер бұйымдарын жасауына барлық жағдай қарастырылыған.
Салтанатты рәсімде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Мешіт жанынан ана мен балаға арналған орталықтың ашылуы үлкен бастама әрі игі іс болды. Дініміз аналарға, балаларға айрықша қамқор болуды бұйырған. Мешітте аналар өзара бас қосып, түрлі іспен айналысып, бала тәрбиесіне ден қойса, ол отбасыға береке орнайды» деп атап өтті.
Орталықта тәрбиеленіп жатқан балалар Бас мүфтиге Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жатқа оқып, өнерлерін паш етті. Наурызбай қажы Тағанұлы бүлдіршіндерге сый-сияпат жасады.
Айта кетсек, мешіт жанындағы «Зере ана» орталығы діни білім беру, ұлттық қолөнерді дамыту, аналардың өзара ынтымағын арттыру, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды насихаттау ісімен айналыспақ.